Сен – қазақсың! Қазақ деген ел бөлек, Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек. Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр, Шаңырағы күн сияқты дөңгелек. Сен – қазақсың! Бір Алланың құлысың! Адамға адам құл болғаны — құрысын. Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай, Қалған ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың! Сен – қазақсың! Ұлы дала – тұғыры. Күмбір-күмбір күрескерлік – ғұмыры, Тірескеннің дірілдеткен тізесін Тұлпарыңның тұяғының дүбірі! Сен – қазақсың! Алғызбайтын барыссың! Ар – ожданның асқағысың, намыссың! Тағдырыңды танығысы келгендер Тасқа басын тарихыңмен таныссын! Сен – қазақсың! Байырғы жұрт – түздегі ең, Табиғаттан тән тамырын үзбеген. Қолын жайып, Көктен өмір сұраған, Жер бетінен жерұйықты іздеген. Сен – қазақсың! Қазынасы – нәсіп, құт. Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық. Жерің, суың, тауың сұлу соншалық, Көрген көзден кететіндей жас ытқып! Сен – қазақсың! Отаншылсың, тектісің! Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің. Бұл далаға мұрагерлік, иелік — Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін. Сен – қазақсың! Айлалысың, ептісің! Айбарлысың, ақылдысың, беттісің! Көп болуға, Бір болуға тиіссің, Көрмеу үшін жаттың езгі, тепкісін! Сен – қазақсың! Рухы еркін, өзі еркін! Мұзбалақсың, сорғалаған сөзі еркін! Қайталанбас күйшісің сен құя алған Домбыраның өзегіне өз өртін! Сен – қазақсың! Келе жатқан бағы асып, Адамзаттық ізгілікке жол ашып, Дастарқанның – елшілігің ежелден, Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық. Сен — қазақсың! Ғарышкерсің, жаны – аспан. Өрелісің, өз орнына таласқан. Төрге лайық марқасқасың, мықтысың, Төрткүл дүние саясатта санасқан. Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда! Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да, Ата жұрттан, Ана тілден айрылма, Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда! Авторы: Күләш Ахметова